Жүктелуде...
 

«Сүйіс ауруы» атымен белгілі мононуклеоз: оның қоздырғышы, инкубациялық кезеңі, орын алатын асқынулар және аурудың алдын алу жолдары

«Сүйіс ауруы» атымен белгілі мононуклеоз: оның қоздырғышы, инкубациялық кезеңі, орын алатын асқынулар және аурудың алдын алу жолдары

translator жексенбі қаңтар 12, 2020


06 01 2020

Anamed.kz сайты «Профессорға арналған сұрақтар» бөлімін жалғастырады, мұнда профилактикалық медицина академиясының президенті Алмаз Шарман біздің оқырмандарымызға пайдалы кеңестерін, аурулардың алдын-алу және қандай да бір аурулардың дамуын болдырмауға болатынын және әркімге өз денсаулығын қалай қадағалау керектігі жайында айтып беретін болады.

ҚҰРМЕТТІ ПРОФЕССОР, мен мононуклеоз деп аталатын жұқпалы ауру туралы естіген едім. Жұқпалы мононуклеоз жастар мен жасөспірімдерде жиі кездеседі екен. Бұл өзі қандай ауру?

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН, мононуклеоз – вирустық инфекция. Ол баспа (ангина), қызбаның пайда болуымен және лимфа түйіндерінің (әсіресе мойын аумағындағы) ұлғаюымен сипатталатын жұқпалы ауру. Мононуклеоз әртүрлі жастағы адамдарда пайда болуы мүмкін, алайда 15-17 жас аралығындағы жасөспірімдерде жиі кездеседі. Мононуклеоз қоздырғышы герпес тобына жататын Эпштейн-Барр вирусы болып табылады. Сонымен бірге мононуклеоз цитомегаловирус (ЦМВ) секілді басқа да микроорганизмдерден туындауы мүмкін.

ҚҰРМЕТТІ ПРОФЕССОР, мононуклеоз қалай жұғуы мүмкін?

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН, ауру ауа-тамшылы жолмен жұғады. Вирус ағзаға сілекей арқылы енеді, мысалға сүйісу кезінде. Сондықтан ауруды кейде «сүйіс ауруы» деп те атайды. Бұл жұқпалы вирус тұрмыстық құрал-жабдықтардан және ортақ ыдыс-аяқтан да, гемобайланыс жолмен (мысалы, қан құю кезінде) қан арқылы жұғуы мүмкін (сондықтан жатақханаларда, интернаттарда, балабақшаларда жұқпалы аурудың таралуы жиі орын алады).

ҚҰРМЕТТІ ПРОФЕССОР, мононуклеоздың симптомдары қандай?

ҚҰРМЕТТ ОҚЫРМАН, мононуклеоз ауруы біртіндеп, шаршау симптомдарынан, адамның өзін нашар сезінуден, бас ауруынан және тамақта ауырсыну пайда болуынан басталады. Тамақтағы ауырсыну біртіндеп күшейе бастайды. Көмекей бездер ісінеді және ақшыл-сары өңезбен жабылады. Көп жағдайда мойын лимфа түйіндерінің ұлғайғаны байқалып, соңында олар домбығып ісіп, ауырады.

Сонымен бірге мононуклеоз симптомдарына мыналарды жатқызуға болады:

• Ұйқышылдық
• Қызба
• Жайсыздық сезіну, мазасыздану
• Тәбеттің болмауы
• Бұлшықеттің ауырсынуы немесе қозғалмай қалуы
• Көкбауырдың ұлғаюы

Сирек кездесетін симптомдар:

• Кеудедегі ауырсыну
• Жөтел
• Бастың ауыруы
• Есекжем
• Сары ауру (терінің сарғаюы)
• Желке бұлшықетінің сіресуі
• Мұрыннан қан кетуі
• Жүрек ырғағының жиілеуі
• Көз қарлығу
• Ентігу

ҚҰРМЕТТІ ПРОФЕССОР, мононуклеоздың симптомдары жұқтырғаннан соң неше күннен кейін байқалады?

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН, аурудың инкубациялық кезеңі 4 күннен үш аптаға дейін болады, бірақ кейде сырқат екі айға дейін созылуы мүмкін.

ҚҰРМЕТТІ ПРОФЕССОР, мононуклеоз ауруын емдеу әдістері қандай?

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН, дәрігер немесе медбике науқасты қарап, тексеріп, жоғарыдағы айтылған симптомдарды тауып, емдеуге кіріседі. Қажетті қан анализдеріне мыналар жатады:

• Қанның жалпы анализі. Мононуклеоз кезінде лейкоциттер саны нормадан жоғары болады.
• Ауру бар болған жағдайда мононуклеозге жасаған анализ оң нәтижелі болады.
• Антиденелер титрін анықтау ағымдағы және ауысқан инфекцияларды саралауға көмегі зор.

ҚҰРМЕТТІ ПРОФЕССОР, ауруды қалай емдеуге болады?

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН, кейде көптеген пациентерімізде ауру 4-6 аптада өздігінен өтеді, тіпті емдеу жүргізілмесе де. Емдеудің мақсаты аурудың симптомдарын жеңілдету болып табылады. Сырқаттың ауыр жағдайында глюкокортикостероидтар (преднизолон) тағайындалу мүмкін. Ацикловир сияқты вирусқа қарсы дәрі-дәрмектер іс жүзінде емге айтарлықтай тиімді емес.

Аурудың әдеттегі симптомдарын жеңілдету мақсатында берер кеңестеріміз:

• Сұйықтықты көп ішіңіз
• Тамақты тұз қосылған жылы сумен шайыңыз
• Көп демалыңыз
• Қызба болған жағдайда ацетаминофен немесе ибупрофен қолданыңыз
• Көкбауырға жүк түсірмеу үшін спорттың кей түрлерінен бас тарту керек.

ҚҰРМЕТТІ ПРОФЕССОР, мононуклеоз кезінде қандай болжамдар бар?

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН, әдетте қызба 10 күннен кейін өтеді, ал ұлғайған лимфа түйіндері мен көкбауыр 4 аптадан кейін бұрынғы қалпына келеді. Шаршағандық бірнеше апта ішінде өтеді, бірақ кейде 2-3 ай аралығына дейін сақталуы да мүмкін.

ҚҰРМЕТТІ ПРОФЕССОР, мононуклеоздан кейін қандай да бір асқынулар бола ма?

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН, мононуклеоздан кейінгі болатын асқынуларға мыналар жатады:

• Тамақтың бактериалдық инфекциясы
• Гемолитикалық анемия
• Гепатит сары аурумен (35 жастан асқан науқастарда жиі кездеседі)
• Аталық бездің қабынуы (орхит)

Сирек жағдайда келесі неврологиялық бұзылыстар пайда болуы мүмкін:

• Гийен-Барре синдромы
• Менингит
• Құрысулар
• Бет нервісінің уақытша салдануы (Белл параличі)
• Бақылауға келмейтін қимылдар (атаксия)
• Көкбауырдың жарылуы (сирек жағдайда; көкбауырға күш түсірмеу қажет)
• Бөртпе

Иммундық жүйенің әлсіреуі өлім-жітімге апаруы ықтимал.

ҚҰРМЕТТІ ПРОФЕССОР, қандай жағдайда дәрігерге қаралу қажет?

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН, мононуклеоздың бастапқы симптомдары вирустық ауруға ұқсайды. Егер сырқатыңыз 10 күнге созылып немесе төмендегі симптомдар байқалса міндетті түрде дәрігерге қаралу керек:

• Іш ауырса
• Тыныс алу жеткіліксіздігі болса
• Үнемі қызу көтерілсе (38*С жоғары)
• Тамақтағы қатты ауырсыну немесе көмекей бездері ұлғайса
• Қолдағы немесе аяқтағы әлсіздік байқалса
• Көздің ағының және терінің сарғыштануы байқалса

Егер келесі симптомдар болса міндетті түрде «103» телефоны бойынша шұғыл медициналық жәрдем қызметіне хабарласыңыз:

• Кенеттен іштің қатты ауырсынуы болса
• Жұтыну мен дем алуыңыз қиындаса
• Желке бұлшықеттері әлсізденсе немесе қатты әлсіздік болса

ҚҰРМЕТТІ ПРОФЕССОР, мононуклеоздың жұқпалы кезеңі қанша уақытқа созылады?

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН, мононуклеоз ауруына шалдыққан науқастар аурудың белгілері болған жағдайда және осыдан кейін бірнеше ай бойы жұқпалы болуы мүмкін. Жұқпалы кезеңнің ұзақтығы әр түрлі болады. Ағзадан бөлек вирус бірнеше сағат өмір сүре алады. Егер сіздің ортаңызда мононуклеозға шалдыққан адам болса, сүйісуден және ортақ ыдыс-аяқ қолданудан бас тартқаныңыз жөн.



Алмаз Шарман, медицина ғылымының профессоры.

Мақаланы аударып дайындаған Бағдат Сұлтанбек.


Басқа да пайдалы медициналық ақпараттарды anamed.kz сайтынан оқи аласыз.