COVID-19: ұжымдық иммунитет

translator Сәрсенбі желтоқсан 16, 2020

Whatsapp Image 2020 12 04 At 16.28.36 0

Соңғы уақытта коронавирус майданынан жақсы хабарлар келіп жатыр. Осының алдында ғана біз Pfizer мен BioNTech компаниялары сынақтан өткізген коронавирусқа қарсы вакциналары жақсы нәтиже бергендігі жөнінде хабардар еткен едік. Енді міне, Moderna биотехникалық компаниясы өздерінің вакцинасының тиімділігі 94 пайызды құрағанын жариялады.

Moderna вакцинасының артықшылығы, оның ұзақ уақыт бойы 20 градус температурада сақтау мүмкіндігінде болып отыр. Бұған қоса, кәдімгі тоңазытқышта оның тұрақтылығы бір ай бойы сақталады екен. Демек, бұл Moderna вакцинасын соңғы тұтынушыға жеткізу әлдеқайда жеңіл болып тұр.

Екі вакцина да матрицалық РНҚ-ның ең заманауи технологиясына негізделіп жасалған. Ол тек антиденелерді қалыптастырып қана қоймай, сонымен қатар жасушалық иммундық реакцияны да ынталандыруы мүмкін. Бұл нәтижелер көптеген сарапшылардың күткенінен де әлдеқайда асып түсті. Ғалымдар COVID-19-ды жеңу жолында тағы да бір маңызды қадам жасаған сияқты. Әрине, ол ұжымдық иммунитетті қалыптастыру арқылы жүзеге асады.

Ғалымдардың болжауынша, пандемия әлем халқының жеткілікті пайызында вакцина алу арқылы немесе ковидпен ауырып, оған қарсы иммунитет пайда болған кезде бітеді. Ескертетін жайт, бұл міндетті түрде бәріне бірдей емес, халықтың белгілі бір пайызы ғана иммунитетке ие болса жеткілікті екен.

Жұқпалы аурулар иммундық қорғанысы бар адамдардың саны жеткілікті болған кезде, яғни инфекцияның жұғу тізбегі үзілгенде таралу қабілетін жоғалтады. Бұл мезетте аурудың жаңа жағдайларының болуы тиылады. Мұны ұжымдық иммунитет деп атайды.

Халықта иммунитет болмаған кезде вирус бір адамнан екіншісіне еркін ауысып, уақыт өте келе барлығына жұғады. Бұл қазіргі коронавируста байқалды. Өйткені, адамзат баласы бұл вирусты бұрын-соңды кездестірмеген және вирусқа қарсы иммундық қорғаныс дамымаған болатын.

Иммундық қорғанысы жоқ адамға вирус түсті делік. Бұл адам ауыр дертке шалдығуы мүмкін. Ауруды оңай алып жүрсе де, ол өзгелерге жұқпалы болып, вирусты басқаларға таратады. Вирус адамдар арасында еркін тарала береді. Ол иммундық жүйесі әлсіз адамдарға, соның ішінде егде жастағыларға және созылмалы аурулардан зардап шегетіндерге жетуі мүмкін. Олар коронавирусты дені сау және жас адамдарға қарағанда ауырлау өткереді.

Ал енді вирус иммунитеті бар адамға түсті деп елестетіп көрейікші. Қорғанысқа дайын иммундық жүйе вирусты басқа адамды зақымдамай немесе оған жұқпай тұрып-ақ жояды. Вирус тіршілік етуін тоқтатып, басқаларға қауіп төндірмейді. Осылайша, иммундық қорғанысы мықты адам вирустың жолындағы соңғы орны болып, оның таралуын біржола тоқтады.

Егер тұрғындар арасында осындай адамдар жеткілікті болса, онда олар вакцина алмаған немесе ала алмайтындар үшін өзіндік қорғаныс негізін жасайды. Осыдан кейін мұндай адамдардың қауіпсіздігі үшін жауапкершілік айналасындағыларға ауысады. Ұжымдық қорғаныс қажет. Иммунитеті әлсіз адамдарды мықты қоршауда ұстау үшін тұрғындардың иммундалғандардың белгілі бір пайызы қажет болады. Міне, бұл ұжымдық иммунитет деп аталады.

Бұл мәселеде көп жағдай вирустың жұқпалы болу дәрежесіне байланысты. Мысалы, қызылшадан ұжымдық қорғаныс болуы үшін адамдардың 95 пайызына вакцина салдыруды қажет етеді. Әдетте қызылшаға қарсы екпені бала кезде салады. Полиомиелит үшін бұл көрсеткіш 80 пайызды құрайды. Коронавирус жағдайында ғалымдар халықтың 40 пайызында иммундық қорғаныс болса, ол COVID-19-дың таралу тізбегін тоқтату үшін жеткілікті деп санайды.

Ұжымдық иммунитетін екі жолмен, яғни бақыланатын вакцинациямен немесе аурудың жаппай таралуымен қалыптастыруға болады. Осы жаздағы қайғылы тәжірибе көрсеткендей, коронавирустпен жаппай ауру көптеген жағымсыз салдарға әкеп соғуы мүмкін, ауруханаларға жүктеме түсіп, көп адамдар өлім қаупіне ұшырауы ықтимал. Дәрігерлер коронавирусқа қарсы сенімді және қауіпсіз вакцина арқылы мұндайды болдырмауға болады деп үміттенеді.

Сондықтан да ғалымдардың тиімділігі жоғары вакциналарды жасады деген жаңалық адамзат баласының осы пандемияны түпкілікті жеңетініне деген сенімін тудырады. Алайда, вакиналарды миллиардтаған адамға жететін мөлшерде өндірудің күрделі процесстерін ескерсек, пандемия келесі жылдың соңына дейін аяқталуы мүмкін.

Осы арада мен сіздерді маска тағып жүруге, қол жуу гигиенасын сақтауға және адамдар көп жиналатын орындардан аулақ жүруге шақырамын.

Алмаз Шарман, медицина ғылымының профессоры.

Басқа да пайдалы медициналық ақпараттарды anamed.kz сайтынан оқи аласыз.


Permalink: http://mail.vitalem.kz/anamed/tiki-view_blog_post.php?postId=190