Әйелдердің шаштарының түсуі: қай кезде алаңдауы қажет?

translator дүйсенбі сәуір 1, 2019

шаш

Жалпы адамның шашы күнделікті өмірде түсіп тұрады. Бұл қалыпты жағдай. Дегенмен, егер щеткаңызда шаштың бір топ шоғыры көрінсе немесе түскен шаштар ванна не душтың суағарын бітеп қалса, оған мән беріп, не үшін олай болып жатқанын анықтап алғаныңыз жөн.

«Жалпы шаштың өсуі және түсуі белгілі бір кезеңде болады. Сондықтан да күніне 50-ден 150-ге дейінгі шаштың түсуі – бұл табиғи құбылыс», - деп түсіндіреді Кливленд клиникасының акушер-гинекологы Линн Симпсон (АҚШ).

Шаштың негізгі кезеңдері мынаны қамтиды:

1. Өсу кезеңі. Ол 2-ден 7 жылға дейін созылуы мүмкін; 2. Өтпелі кезеңі. Ол шамамен екі аптаны қамтиды; 3. Тынығу кезеңі. Ол шамамен үш айға созылады және шаштың түсуімен аяқталады.

Егер шашыңыздың тым көп түсіп жатқанын байқасаңыз, дәрігерге хабарласыңыз, - дейді доктор Симпсон. Кейінгі кездерде бүкіл әйелдердің жартысынан көбінің шашы жиі түсуде. Әрине, бұл процестің алдын алуға болады, бірақ алдымен шаштың не үшін түсетінін білу керек.

Шаштың уақытша түсу себептерінің бірі – тартып, қысып түю. Шашты түрлі формада түйіп байлау, үлкенді-кішілі өрулер шаштың өсуін реттейтін шаш фолликулаларына зиян келтіруі мүмкін, соның да салдарынан шаш түсіп жатады. Шаш үлгісін өзгертіп, бұның амалын табуға болады, бірақ фолликулалар тым көп зақымданған болса, онда шашыңыз үнемі түсуін тоқтата алмай қалуығыз мүмкін. Бұл жағдайда мамандардың көмегі қажет болады.

- Ауыр стресс немесе шок. Ағзадағы өзгерістер шаштың уақытша жоғалуына әкелуі мүмкін. Босану, тез салмақ жоғалту, хирургиялық ота жасату және белгілі бір аурулар әдеттегіден гөрі көбірек шаштың жоғалуына әкелуі мүмкін. Бірақ бұл процесс қайта қалпына келеді - уақыт өте сіз өзіңіздің сүйікті шашыңызды қайтадан қалпына келтіре аласыз.

- Кейбір емдеу түрлері. Химиотерапия, кейбір дәрі-дәрмектер және радиациялық терапиялардан да шаш кенеттен түсіп жатады. Егер бастағы шаш фолликулдары зақымданбаса, шашыңыз қайтадан өседі.

- Кейбір қоректік заттардың болмауынан да шаш түседі. Қоректік заттарыңызда темірдің, ақуыздың немесе В12 витаминінің болмауы шаштың түсуіне себеп болуы мүмкін.

Шаштың тұрақты жоғалту себептері

- Менопауза кезінде, одан кейін және кейінгі гормоналды теңгерімсіздіктер тұрақты шаш жоғалуына әкеліп соғуы мүмкін.

- Эстроген деңгейінің төмендеуі. Бұл жағдайда, әйелдік типте тықырлану пайда болады. Осындай тықырлану генетикалық түрде анықталады.

- Бас терісін жарақаттау, түйіндердің пайда болуына әкеліп соқтырады, шаштың түсуінің бір себебі осы.

Жас ұлғайған сайын шаштың түсуінің қалай алдын алуға болады – оған жауап: денсаулығыңыз қаншалықты жақсы болса, шашыңыз да соншалықты ұзақ уақыт бойы түсе қоймайды.

Сондықтан қарапайым ережелерді ұстану өте маңызды:

- көп су ішу; - ұйқыға қажетті - 7-8 сағат ұйықтау; - үнемі жаттығу.

Бірақ егер шашыңыздың түскені сізді алаңдатып жатса, дәрігермен кеңесу керек. Шаш түскен кезде бұршақ, жаңғақ, гүлді қырыққабат, бауыр мен бүйрек, сондай-ақ темір қоспалары немесе басқа да қоректік заттарда кездесетін биотин немесе H дәруменін алуға кеңес береміз. Күрделі жағдайларда сізге заманауи озық әдістермен арнайы терапия тағайындалады.

Уақытылы күтім жасап, емделсеңіз сәнді шашыңызды қайта қалпына келтіруге болады. Сарапшылардың пікірінше, шаштың жұқаруы, бұзылуы және түсуі көбінесе қайтымды процесс болып табылады екен.

Алмаз Шарман, медицина ғылымының профессоры.

Мақаланы аударып дайындаған Бағдат Сұлтанбек.

Басқа да пайдалы медициналық ақпараттарды anamed.kz сайтынан оқи аласыз.


Permalink: http://mail.vitalem.kz/anamed/tiki-view_blog_post.php?postId=41