Балалардың семіздікке шалдығу қаупі тұрғылықты жеріне жақын орналасқан нысандарға да байланысты

translator дүйсенбі ақпан 3, 2020

03 02 2020

Бүкіл әлемдегідей, Қазақстанда да артық салмағы бар немесе семіздікке шалдыққан балалар саны күрт өсуде. Бүгінгі таңда әрбір 7-ші қазақстандық бала артық салмақ қосуда немесе семіздікке шалдығуда. Сонымен қатар, балалардың семіруі көптеген аурулардың (жүрек-қан тамырлары, диабет, ортопедиялық проблемалар, психикалық бұзылулар және т.б.) пайда болу қаупін арта түседі. Сондықтан да балалардың артық салмақ қосуына жол бермеу керек. Ал егер мұндай мәселе туындаса, бұл ретте дереу шешу жолдарын қарастыру қажет. Ғалымдар болса балалардың семіздікке шалдығуын арттыратын қауіп факторларын іздестіру үстінде.

Канадада жүргізілген зерттеулер, балаларымен тұрып жатқан отбасылардың тұрғылықты жеріне жақын орналасқан нысандардың қандай әсер тигізетінін көрсетіп отыр. Үй маңында (жақын аралықта) саябақ пен бөлшек сауда дүкендері бар, қауіпсіз жерлерде тұратын балалардың семіздікке бейімділік қаупі анағұрлым аз болған. Мұндай қорытындыны ғалымдар Торонто қаласында тұратын 3928 баланың деректерін талдау нәтижелері негізінде жасап отыр. Зерттеушілер балалардың қан анализдерін алып, сонымен қатар олардың бойы, салмағы, тамақтануын және физикалық белсенділігі жөнінде де мәліметтер жинаған. Ғалымдар қоршаған ортаның балалар семіздігіне қаншалықты әсер ететінін анықтауға күш салған екен. Сондай-ақ, зерттеу кезінде отбасындағы автокөліктің болуы, белгіленген аудандандағы адам санының тығыздығы, дүкеннің, саябақтың ара қашықтығын және қорғаныс дәрежесі сияқты факторларды есепке алған.

Зерттеу нәтижелері балалардың 21 пайызында артық салмақ болғанын, ал 5 пайызы семіздіктен зардап шеккені көрсетіліп отыр. Бұл ретте семіздікке шалдыққан және артық салмақ мәселесі бар балалардың пайыздық ара салмағы қаланың саябақтары мен сауда нүктелерінен алшақ орналасқан аудандарында әлдеқайда жоғары болып отыр.

«Балалар тұратын жер – семіздіктің пайда болу қаупінің ықтимал факторларының және де біздің балалардың ерте жастан семіздікке шалдықпауына тоқтау жасауға мүмкіндік беретін факторлардың бірі екенін атап өту керек. Біздің мәліметтер қала құрылысын жоспарлау кезінде ескерілуі мүмкін», - дейді зерттеудің бас авторы, дәрігер-педиатр Джулия Б. Моринис.

Канадалық ғалымдардың жүргізген зерттеу нәтижелері ата – аналар үшін баламен күнделікті серуендеу – семіздіктің алдын алудың міндетті шарты болып табылатынына қосымша ғылыми дәлел болмақ.

Алмаз Шарман, медицина ғылымының профессоры.

Мақаланы аударып дайындаған Бағдат Сұлтанбек.

Басқа да пайдалы медициналық ақпараттарды anamed.kz сайтынан оқи аласыз.


Permalink: http://mail.vitalem.kz/anamed/tiki-view_blog_post.php?postId=94