Ғалымдар – адамның кеудені жерден көтеру жаттығуын қаншалықты жасауынан жүрек және қан-тамыр ауруларының қаупін анықтауға болады

translator жексенбі наурыз 10, 2019

4 мақалаға

Кеудені жерден көтеру жаттығуларын (отжимания) онға дейін де жасай алмайтын адамдарға қарағанда, дәл осы жаттығуды 40-тан да көп жасайтын орта жастағы денсаулығы жақсы ер адамдар жүректің ишемиялық ауруы мен жүрек жетіспеушілігімен аса шалдыға бермейді екен. Бұл туралы JAMA Network Open-де АҚШ-та өткізілген зерттеулердің нәтижесі жарияланған болатын.

Т.Х.Чан атындағы Гарвард қоғамдық денсаулық мектебінің мамандары 2000 жылдан 2010 жылға дейінгі 10 жылдық зерттеу барысында 1104 өрт сөндірушінің денсаулық жағдайын саралады. Ерлердің орташа жасы 39 жарым жас болды, дене салмағының индексі де ескерілді - оның негізі 28,7-ге теңестірілді. Зерттеу басында ғалымдар өрт сөндірушілердің еденнен кеуде көтеруін және жүгіру жолындағы субмаксималды жүктемені орындаудағы төзімділігін тексерді. Кейін 10 жыл бойы әр адам жыл сайын физикалық жүктемелерден емтихандар мен сынақтардан өтіп тұрды.

Жиналған мәліметтер бойынша, кеудені жерден көтеру жаттығуын 40-тан да көп жасай алатын ерлерде, аталмыш жаттығуды 10-ға дейін де жаса алмайтын адамдармен салыстырғанда жүрек-қан тамырлары ауруларының даму қаупі 96 пайызға дейін төмен болған екен. Барлық зерттеу кезеңінде жүрек-қан тамырлары ауруларына қатысты 37 оқиға тіркелген. Олардың барлығы дерлік негізгі тестілеу кезінде 40 немесе одан да аз жаттығу орындаған ерлерде байқалған. Ғалымдардың ұйғарымынша, кеудені жерден көтеру жаттығуы бойынша тестілеу жүгіру жолында өткізілетін дәстүрлі тестілеуге қарағанда, жүрек және қан тамырлары ауруларының қаупін алдын-ала нақты болжауға айтарлықтай септігін тигізетін көрінеді.

«Осы нәтижелерімізге сүйенсек, кеудені жерден көтеру жаттығуы кез-келген ортада жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупін бағалаудың қарапайым және тиімді әдісі болуы мүмкін», - дейді зерттеуші Джастин Янг.

Физикалық төзімділікті объективті түрде бағалау денсаулықтың негізгі және маңызды көрсеткіштері болып табылады, бірақ қазіргі заманғы құралдар, мысалы жүгіру жолы бойынша сынақ тапсыру, тым қымбат және қарапайым тексерулер үшін аса бір ауыртпашылық тудырады. Зерттеу барысында алғаш рет жүрек-қан тамырлары ауруларының даму қаупі және кеудені жерден көтеру (отжимания) санының арасындағы байланыс анықталды.

Ғалымдардың айтуынша, 10 жыл бойы бақыланған адамдар тобы орта жастағы ер адамдар болатын, олардың кәсібіне сай физикалық белсенділігі де жоғары болған, сондықтан көрсетілген нәтижелер салыстырмалы түрде әйелдерге, және басқа кәсіп иелері мен басқа да жастағы адамдарға лайықты бола бермейді. Алайда, бұл зерттеу денсаулықты нығайту үшін физикалық жаттығулар жасаудың, дене шынықтырудың маңыздылығын тағы да бір дәлелдеді.

Алмаз Шарман, медицина ғылымының профессоры.

Мақаланы аударып дайындаған Бағдат Сұлтанбек.

Басқа да пайдалы медициналық ақпараттарды anamed.kz сайтынан оқи аласыз.


Permalink: http://mail.vitalem.kz/incl/tiki-view_blog_post.php?postId=30